ҮЛГІ БОЛҒАН САДАҚА Əкемнен тым ерте айырылдым. Анам ел қатарлы оқуым үшін бар жағдайымды жасады. Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде анама қолғабыс болып, қосымша жұмыс істеуіме де қарсы болған анам, менен білікті маман шығуы үшін бар мүмкіндікті жасады. Алайда, жемісін татпастан, сонша үміт артқан перзентінен рахат көретін сəтінде өмірден озды. Қатты қиналдым... Жаныма батқаны - əлемдегі ең жақын, жанашырыма ешқандай жақсылық жасай алмадым. Осылай құлазып жүргенде имам маған анамның атынан садақа беруіме болатынын айтты. Қуанышымда шек болмады. Анам үшін Алла Тағаланың алдында пана болатын амал садақа бере алатыным қандай жақсы мүмкіндік еді десеңізші?! Дəл осы күні табысымның тең жартысын анамның атынан садақа етіп отырамын деп өз-өзіме уəде бердім. Шөлдегенге су бергеннің сауабы мол дегенге амал ету мақсатында ел-елді аралап, су жетпеген аудан- ауылдарға су жеткізуге тырыстым. Тапқанымды осы жолда жұмсадым. Бұл іс жаныма қуаныш сыйлап, мені рухани байытатын. Перзенттік борышымды өтей алатыным, əлі де кеш емес екені менің көңіліме медет болды. Осылайша, жылдар жылжып уақыт сырғи берді. Отбасын құрып, балалы-шағалы болдым, өмірім бірқалыпты сарынмен өтіп жатқанда 20 жыл өте шықты. Бір күні кешкілік ұлым екеуміз ақшам намазын оқып, үйге қайтып бара жатқанда бізді имамның дауысы тоқтатты: "Əссəлəмуəлейкум бауырым, амансыз ба? Алла Тағала сізге разы болсын! Бұл ісіңіз біз үшін үлкен жақсылық болды,"- деп алғысын білдірді. Түк түсінбегенім түрімнен көрінсе керек, имам сөзін жалғап: "Мешіт ауласына су кіргізіп, субұрқақ орнатып, жамағатқа жағдай жасап бергеніңіз үшін рахмет"- деді. - Кешіріңіз, алайда мен мұны жасаған жоқпын ғой - дедім мен таңданыспен. "Əке, кешіріңіз, мұны сізге айтпай сіздің атыңыздан жасаған мен едім. Əрдайым анаңыздың атынан садақа беріп жүретін сіз - маған ең жақсы үлгісіз. Бала кезімнен өскенде əкем сияқты боламын деп армандайтынмын. Сіздің маған берген ақшаңызды үнемдеп, жинап осы істі сіздің атыңыздан жасағым келді. Өтінемін, ренжи көрмеңіз - деп сөзге араласты имам екеуміздің сұхбатымызды үнсіз бақылап тұрған ұлым. "Бір əкенің тəрбиесін жүз мектеп бере алмайды деген. Бала естігенін емес, көргенін істейді. Ұлыңызға жақсы тəрбие беріпсіз. Қазір əкесін үлгі тұтып, əкесіндей болғысы келетін ұлдар мен оған лайық əкелер азайған кезде, бұл оқиға көңілімді қуантты. Алла отбасыңызға береке берсін! - деп тілегін жаудырған имам, сөзін аяқтап бізден ұзай берді. Ал менің кеудемді əкелік мақтаныш кернеді. Алланың разылығын іздеп жасаған амалымның жемісін ұрпағың арқылы көру неткен бақыт еді...

Теги других блогов: продвижение SEO Google